Алматының айып тұрағы мопедке толып барады
Алматының арнайы айып тұрағына жеткізілген қос дөңгелекті техника күн санап көбейіп барады. Әсіресе, мопедтер көп. Әрқайсысы, түрлі себеппен осы жерге түскен. Тәртіп сақшылары қос дөңгелікті көлік мінгендер күніне 200-ден аса жол ережесін бұзады - дейді. Алматының Көкжиек шағын ауданындағы айып тұрағында осыдан бір жыл бұрын орта есеппен 60-70 мопед болған. Қазіргі уақытта олардың саны 15 есеге артып кетіпті. Айып тұрағындағы қос дөңгелекті техникалардың көбінің құжаты жоқ, біршамасы жол-көлік оқиғасына қатысы бар. Қазіргі уақытта мопедтер айып тұрағының төрттен бір бөлігін алып тұр. Қазір Көкжиектегі айып тұрағында 1890 көлік тұр. Соның 1105-і қос дөңгелекті техника екен. Ішінде мопедтер көп. Арасында санаулы мотицикл мен бірен-саран самокат бар. Кейбір мопедтердің мұнда жатқанына бір жылдан асыпты. Тиісті құжаттарын көрсетпейінше иелеріне қайтарылмайды. Ерлан Әлімжанов, арнайы көлік тұрағының басшысы: - Қолдарында нвойс бар, кедендік декларация бар, жеке куәлігі және әкімшілік полициядан рұқсат қағазын алып келеді. Сол қағаздарға қарай отыра біз сол бойынша береміз. Күніне 15 мопед кіретін болса, соның 10-ы шығып жатады. Бесеуі неге қалады деген сұрақ болса, авариялық жағдай, жол-көлік оқиғасынан біраз күн тұрып қалады. Қалада қазір «Құқықтық тәртіп» жалпы республикалық іс-шарасы жүргізілуде. Бір айда жол ережесін бұзған 4800 мопед жүргізушісі және 5200 самокат мінген адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құжаты жоқ 619 мопед Көкжиектегі тұраққа қамалған. Полицияның мәліметінше, қос дөңгелекті көлікті тізгіндегендердің көбі қарапайым жол жүру ережесін білмейді екен. Жәнібек Өскенбаев, мамандандырылған патрульдік полиция батальонының командирі: - Күнделікті осы мопед, самокат жүргізушілеріне өте үлкен көңіл бөлеміз. Өйткені көп наразылық тудырады. Күніне 200-ден аса жол ережесін бұзу анықталады және кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасында да кездеседі. Ата-аналары, өкінішке орай рұқсат береді. Жүзге жуық ата-ана жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері самокат пен мопедтердің қатысуымен 463 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 500 адам жарақат алып, 7 адам қаза тапты. Қос дөңгелекті техника тіркеуге алынып, жүргізу куәлігі берілмейінше статистика жақсармайды, - дейді тәртіп сақшылары. Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов, 24.KZ, Алматы