Мопед заңдастыру жарты жылға созылуы мүмкін
Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» заңға енетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдауға дайындалып жатыр. Депутаттар Kolesa.kz редакциясына хабарлағандай, мопедке қатысты өзгерістер қызу талқыланады.
Түзетулер қабылданғаннан кейін қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтер механикалық көлікке жататын болады және мемлекеттік тіркеуден өтіп, нөмір алады. Заң жобасын пысықтаған кезде Қазақстанға келген мопедтердің көптігіне қатысты қауіп те ескерілді. Коллапстың алдын алу үшін мопедистерге 6 ай уақыт беріледі. Заңдастырудың болжалды аяқталатын күні — 2024 жылдың желтоқсаны — 2025 жылдың қаңтары.
Нәтижесінде қазіргі шабандоздар толыққанды көлік жүргізушісі болып есептеледі. Мопед жүргізу үшін азамат оны тіркеуге, А1 категориясындағы жүргізуші куәлігін алуға, жыл сайынғы техникалық тексерістен өтуге, сақтандыру полисін алуға міндетті. А, В және С категориясындағы куәлігі бар жүргізуші қосымша оқымай А1 категориясын алады.
Бұрын мопед жүргізушілері жол ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 615-бабы бойынша жол қозғалысының басқа қатысушылары ретінде жауапқа тартылса (2 АЕК көлемінде айыппұл), заңға өзгертулер енгеннен кейін мопедист механикалық көлік құралының жүргізушісіне жүктелген барлық жауапкершілікті көтереді.
Мысалы, бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады (Әкімшілік кодекстің 599-бабы). Ал мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жылға куәлігінен айырылып, басқа жүргізушілер сияқты 15 тәулікке қамалады. Қазір олар алкогольді ішімдік ішкені немесе қоғамдық орынға мас күйде шыққаны үшін Әкімшілік кодекстің 440-бабы бойынша ғана жауапқа тартылып, 5 АЕК айыппұлмен құтылады.
Мәжілісте мопед заңдастырудың жарты жылдық мерзімін Ішкі істер министрлігі мақұлдағаны айтылды. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, мопед тіркеуден бұрын оны тексеру жолы әлі шешілмеді. Өйткені, мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарына тіркеуге баратын байктар әбден шаршаған. Жағдайы нашар көлікті жолға шығаруға болмайды, бірақ әзірге оның жарамдылығын анықтау жоспарлануда. Елімізде мұндай зерттеу жүргізетін және аккредитациядан өткен зертханалар жоқ, мопедтің қауіпсіздігін тексеру ережелері еш жерде жазылмаған.
Полицейлер мопед тіркеу процесін барынша жеңілдетуге тырысамыз деп отыр. VIN-коды болса техпаспортқа жазылады, жоқ болса беріледі, рамаға басылады. Полицейлерге байктың көлемін және ол мотоцикл (50 текше см-ден асатын) категориясына жататынын анықтау қиын, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда оны тексеретін арнайы зертханалар жоқ. Мопедтер мотоциклге берілетін нөмір тағады.
Мопед техникалық байқаудан қалай өтеді әзірге белгісіз, ал онсыз жолға шығуға болмайды.
Мамандандандырылған қызмет көрсету орталықтары қанша адам қабылдай алады деген үлкен сұрақ бар. Бұған дейін полицейлер Алматыда 40 мыңға жуық мопед пен электросамокат бар деп есептеген. Оның жартысы (20 мыңы) мопед болса, 15 мыңында жүргізуші куәлігі жоқ делік. Қалада тек төрт арнайы ХҚКО бар. Осылайша, әр орталық А1 категориясы бойынша 3750 үміткерден емтихан қабылдауы керек. Олар қызмет көрсету орталықтарына қаптап барып, салдарынан дүрбелең тумайтынына кім кепіл?
(Мопедистерге кеңес: бірден автомобиль жүргізу ережелерін оқып, емтихан тапсырыңыз. Машина да, мопед те жүргізуге жарамды жүргізуші куәлігін алыңыз). Тіркеумен де жағдай ұқсас. Алматыдағы әр қызмет көрсету орталығы жарты жылда 5 мыңға жуық мопед тіркеуі керек. Үлгере ме?